Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі

Мемлекеттік қызметке орналасу тәртібі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ
14-бап. Мемлекеттік саяси қызметке кіру
1. Азаматтардың мемлекеттік саяси қызметке кiруi тағайындалу не сайлану негiзiнде, сондай-ақ басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өткен және арнайы тексерудің оң нәтижелері алынған жағдайда жүзеге асырылады.
3. Мемлекеттік саяси қызметке кіру үшін қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындауы мүмкін.
4. Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды қоса атқаруына жол берілмейді.

15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру
1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
2. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
3. Өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, қызметтегі судьялар, өз өкілеттіктерін тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, сондай-ақ мемлекеттiк саяси қызметшiлер, халықаралық қызметшілер, судьялар «А» және «Б» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарына Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес, кадр резервіне іріктеу және конкурс өткізілместен, уәкілетті комиссияның шешімі бойынша орналаса алады.
Қазақстан Республикасының Президенті осы баптың 3-тармағының бірінші бөлігінде көрсетілген адамдарды кадр резервіне іріктеу жүргізбестен және уәкілетті комиссияның шешімінсіз, оларға тағайындау өзімен жүзеге асырылатын «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындауға құқылы.
Белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына уәкілетті комиссияның келісімімен конкурс өткізілместен орналаса алады.
Ескертпе.
Осы бапта халықаралық қызметшілер деп қызметін халықаралық ұйымдарда жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес халықаралық қызметшілер болып мойындалатын, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын азаматтары танылады.
РҚАО-ның ескертпесі!
Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 69-баптан қараңыз.
Осы Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелерін айқындайды.

16-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары
1. Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды.
Зейнеткерлік жасқа жеткен адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға тек Қазақстан Республикасының Президенті ғана тағайындауы мүмкін.
Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
2-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі — ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңымен.
2. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетіндерді қоспағанда, құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтар құқық қорғау органдарымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде олардың жеке қасиеттерін бағалауды қоса алғанда, уәкілетті органда тесттен өтеді.
3. Мемлекеттiк қызметке:
1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа дейінгі;
2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;
5) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
6) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейді;
7) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
9) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9),
10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
12) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
13) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;
14) құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған азаматты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.
4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
5. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.
6. Адамдарды құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
7. Азаматтың және оның жұбайының (зайыбының) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен кірістері және өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына ұсынуы мемлекеттік қызметке кірудің міндетті шарты болып табылады.
Мемлекеттік лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) жұмысқа қабылдау туралы актісі шыққанға дейін азамат персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) кірістері және өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынуға міндетті.


Все права защищены.

При использовании материалов с сайта Акимат Жамбылской области в любых целях, кроме личных, гиперссылка на веб-сайт Акимат Жамбылской области обязательна.

При использовании материалов Акимат Жамбылской области:

— в печатных изданиях или в иных формах на материальных носителях — бумага, пленка и т.п., пользователь обязан в каждом случае указывать, что источником материалов является веб-сайт http://www.zhambyl.gov.kz/

— в Интернете или иных формах использования в электронном виде, пользователь в каждом случае использования обязан размещать гиперссылку на главную страницу веб-сайта Акимат Жамбылской области «http://www.zhambyl.gov.kz/».

 

Top