Мемлекеттік қызметшінің имиджі

Мемлекеттік қызметшінің имиджі

Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында ұзақ мерзімді басымдықтардың бірі кәсіби мемлекетті құру болып белгіленген. Біздің мемлекетіміздің алдында тұрған кәсіби жоғары мемлекеттік қызметті және басқарудың тиімді құрылымын құру ісіндегі міндеттерді іске асыру көбінесе мемлекеттік қызметшінің кәсіптілігіне негізделеді. Президент Н.Назарбаев елді тиімді басқаруы үшін мемлекеттік қызметшіде болуға тиісті негізгі қасиеттерді атап көрсетті. Бұл – моралдық жоғары жауапкершілік, кәсіптік білім, білімін тәжірибеде қолдана білу, адалдық, ақ ниеттілік, белсенді өміршеңді ұстаным. Мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының барлық маңыздылығын сезіне білуі және өз елінің патриоты болуы тиіс.
Бұл мәселеде маңызды қадамдардың бірі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісінің жағымды имиджін қалыптастыру болып табылады. Мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісінің жағымды имиджін қалыптастыру және нығайту.
Мемлекеттік қызметшінің жағымды имиджін қалыптастыру процесі атқарушы биліктің бедел саясатымен тығыз байланысты. Мемлекеттік қызметшінің жағымды имиджіне қойылатын негізгі ережелер Қазақстан Республикасының Ар-намыс Кодексінде анықталған, онда былай деп белгіленген: «Мемлекеттiк қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенiм бiлдiру болып табылады және мемлекеттiк қызметшiлердің адамгершілiгiне және моральдық-этикалық бейнесiне жоғары талаптар қояды». Мемлекет бұл бағытта мақсатты жұмыс істеуде. Оның дәлелі «Мемлекеттiк қызметтiң оң имиджiн қалыптастыру және нығайту жөнiндегi iс-шаралардың 2008-2010 жылдарға арналған жоспарын бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 24 қыркүйектегі № 830 қаулысы болып табылады.

 

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП-ның
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форумында сөйлеген сөзінен

  1. Мемлекеттік қызметші билік пен өз өкілеттіктерін қолдана білуі және адал болуы керек.
  2. Мемлекеттік қызметте өз қамы үшін емес мемлекет игілігіне жұмыс істеуі, мемлекет қаржысын өз қалтасымен шатастырмауы керек.
  3. Шенеунік «Қандай қаражатқа өмір сүресің?» деген сұрақтан қорықпай өмір сүруі тиіс, яғни өзінің зәулім сарайлары мен оны қоршаған дуалдар және қымбат шетелдік маркалы көліктерінің суреттері жариялануына негіз болмауы керек.
  4. Мемлекеттік қызметші заң талаптарымен толық сәйкестікте өмір сүруі керек.
  5. Кез келген орында, кез келген лауазымда қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай жұмыс істеуі керек.
  6. Қазақстандық мемлекеттік қызметші әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болып, адамдар арасында өзін ұстай білуі керек.
  7. Мемлекеттік қызметші ұжымға басшылық жасамас бұрын, бағына білуді үйренуі, өз қызметкерлерінен талап етіп отырғанын өзі орындай білуі керек.
  8. Егер мемлекет мүддесіне нұқсан келіп жатқанын немесе сыбайлас жемқорлық әрекеттерін көрсе, дереу араласып, шаралар қолдануы керек.
Top