Жаңа Экокодекс жобасы Парламент Мәжілісінде таныстырылды

 

Дүйсенбіде Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жаңа Экологиялық кодекс жобасын Парламенттің төменгі палатасы депутаттарына таныстырды.
Жоба парламентке енгізілерден бұрын жұртшылықпен және бизнес-қоғамдастықпен ауқымды талқылаудан өтті. Министрлік ел өңірлерінде 20-дан аса көшпелі мәжіліс ұйымдастырды.
Министрдің айтуынша, қолданыстағы Экологиялық кодекстен басты айырмашылық, жаңа Экокодексте қоршаған ортаға жағымсыз әсерді болдырмау мақсатында алдын алу шаралары қарастырылған.
Жоба 10 қағидатқа негізделген. Олар – болдырмау, түзету, сақтық, үйлесімділік, «ластушы төлейді», орнықты даму, интеграция, экологиялық ақпараттың қолжетімділігі, жұртшылықтың қатысуы, экожүйелік тәсілдеме.
Жоғарыда баяндалған қағидаларға сәйкес, бірқатар негізгі бағыттар айқындалды.
Бірінші бағыт – «Озық қолжетімді технологияларды (ОҚТ) енгізу және ынталандырудың экономикалық шаралары».
«Жаңа Экологиялық кодекс редакциясы жобасында, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап, 1-санатты ірі жаңа кәсіпорындардың озық қолжетімді технологияларды қолдануға байланысты, міндетті түрде кешенді экологиялық рұқсат беруге көшуі көзделіп отыр», – деді министр құжатты таныстыра келіп.
Жұмыс істейтін ірі ластаушылардың ОҚТ-ға көшуі кезең-кезеңмен жасалады. Кәсіпорын ОҚТ-ны 10 жыл ішінде экологиялық тиімділік бағдарламасына сәйкес енгізеді.
ОҚТ-ға көшу кезінде кәсіпорындар эмиссия төлемінен босатылады, әйтпесе мөлшерлеме өсіп кетпек. Осылайша, ОҚТ мотивациялық механизм болмақ.
Бірінші кезеңде ОҚТ-ға ластау көлемінің 90%-і тиесілі мұнайгаз, тау-кен-металлургиялық, химиялық және электр энергетикалық саладағы 50 ірі кәсіпорынның көшуі жоспарлануда.
2023 жылдың соңына дейін, кешенді технологиялық аудит негізінде 9 салалық ОҚТ анықтамалығы жасалады.
2024-2025 жылдары ОҚТ анықтамалығы негізінде кешенді экологиялық рұқсат беру жоспарлануда.
Егер кәсіпорын ОҚТ-ны тиісті мерзім ішінде енгізбесе, кешенді экологиялық рұқсат беру қайтарылып алынып, осы барлық кезең үшін төлем және өсімпұл алынады.
Сонымен қатар, жаңа Экокодекстің тағы бір бағыты – «Өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру».
Қалдықтарды өртеу арқылы кейінен электр энергиясын алу және оны ЖЭК аналогы бойынша желіге табыстауды көздейтін «Waste to Energy» механизмін енгізу ұсынылып отыр.
«Бұл 2025 жылға қарай, қалдықтардың көлемін 30%-ке дейін азайтып, 180 млрд.теңгеден аса инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар еуропалық директивадағыдай, шығарындыларға талап сақталынады», – деді Экология министрлігі басшысы.
Бұдан басқа, жаңа Экологиялық кодекс жобасында қауіпті қалдықтармен жұмыс істеуді лицензиялау және қалдықтарды жинау мен тасымалдауды хабарландыру тәртібі қарастырылған.
Бұл қалдықтарды жинаумен, тасымалдаумен, өңдеумен және кәдеге жаратумен айналысатын мамандандырылған кәсіпорындардың тізілімін жүргізуге мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт – «Ластаушы төлейді және түзетеді».
Бұл қағидат ластауды болдырмауды, бақылауды, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зардапты қалпына келтіру жауаптылығын көздейді.
Осылайша, табиғатты пайдаланушының экологиялық айыппұл төлегеннен гөрі, қоршаған ортаға зиянды әсер етуді болдырмаудың барлық шараларын қабылдауы тиімдірек болатын жағдай туғызылады.
Экологиялық зардап келтірілген жағдайда, табиғатты пайдаланушы қоршаған ортаны сол бастапқы деңгейде қалпына келтіруге міндетті.
Тағы бір бағыт – «Стратегиялық экологиялық бағалау (СЭБ)».
СЭБ жобалардың іске асырылуының қоршаған ортаға және адамдардың денсаулығына келтірер салдарын анықтауға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт – «Жұртшылықтың қатысуы».
Жаңа Экологиялық кодекс жобасы жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мен орнықты даму мәселелерін шешуге жария және жан-жақты қатысуын көздейді.
Кодекс жобасының «Қоршаған ортаның сапа нормативі» бағытын іске асыру табиғатқа ЭЫДҰ талаптарына сәйкес қарым-қатынас жасауды білдіреді.
«Қоршаған ортаға эмиссия төлемі және бюджет қаражатын табиғатты қорғау іс-шараларына нысаналы жұмсау» бағыты.
Қазіргі уақытта қолданыстағы заңнамада табиғатты қорғау іс-шараларына арналған, келіп түскен эмиссия төлемін нысаналы жұмсау міндеті қарастырылмаған.
Осының кесірінен, жергілікті атқарушы органдар келіп түскен қаражаттың тек 45%-ін ғана қоршаған ортаны қорғауға бөледі.
Осыған орай, жобада табиғатты қорғаудың іс-шараларын келіп түскен экологиялық төлемдердің 100%-і көлемінде міндетті түрде қаржыландыру көзделген.
Заң жобасында қоршаған орта эмиссиясы нормативтерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлды 10 есе көбейту жоспарлануда. Қайталанған жағдайда 20 есе болмақ.
Өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу талаптарын бұзғаны үшін санкция салуды қатаңдату да көзделіп отыр.
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту мерзімі, заңбұзушылық орын алған күннен бастап, 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.

Мәлімет Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің әлеуметтік желісінен алынды: https://www.facebook.com/EcologyofKazakhstan

 

Top

Egov